2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттар мен кикшеринг сервистеріне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді

08.05.2026

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттар мен кикшеринг сервистеріне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген түзетулер жүргізушілерге де, самокаттарды жалға беретін компанияларға да қойылатын талаптарды едәуір күшейтеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, электросамокаттар ресми түрде толыққанды көлік құралы мәртебесін алады.

Енді электросамокатты тек 18 жастан асқан және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Кәмелетке толмағандарға, жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға және көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаларға самокат жалға беруге тыйым салынады.

Полиция мәліметінше, балалар көбінесе самокатты ата-анасының аккаунты арқылы жалға алады. Мұндай жағдайда жауапкершілік ересектерге жүктеледі — олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі — электросамокаттарды міндетті түрде тіркеу. Барлық кикшеринг самокаттарында тіркеу нөмірлері болуы тиіс. Бұл полицияға көлікті сәйкестендіріп, құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді. Сапарлар мен пайдаланушылар туралы мәліметтер операторлардың базасында сақталады.

Сонымен қатар, компаниялар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды рәсімдеуге міндеттеледі. Егер самокат адамдарға немесе мүлікке зиян келтірсе, шығынды сақтандыру компаниясы өтейді.

Ереже бұзған самокат жүргізушілеріне қатысты жаза да күшейтіледі. Мысалы, қорғаныс құралдарынсыз жолға шыққаны үшін ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған, ал сақтандырудың болмауы 230-бап бойынша жазаланады. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы немесе жаяу жүргіншіні қағып кету жағдайында жауапкершілік кикшеринг сервисіне емес, самокат жүргізушісінің өзіне жүктеледі.

Жаңа талаптар жалға беру операторларына да қатысты болады. Компаниялар:

— самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға және ақаулы құрылғыларды уақытында пайдаланудан шығаруға;
— клиенттің жеке басын және жүргізуші куәлігінің болуын тексеруге;
— пайдаланушыларды айыппұлдар мен жауапкершілік туралы ескертуге;
— жылдамдық пен орналасуды цифрлық бақылау жүйесін енгізуге;
— самокаттардың ретсіз тасталуына жол бермеуге;
— әрбір құрылғыға міндетті сақтандыру рәсімдеуге міндетті болады.

Бұдан бөлек, әрбір жалдамалы самокат жылдамдықты бақылау және арнайы аймақтарда автоматты түрде шектеу жүйесімен жабдықталуы тиіс.

Маңызды өзгерістердің бірі тротуарларда қозғалысқа қатысты болады. Қазіргі ережелер бойынша электросамокаттарға жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, тротуармен сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда 2026 жылғы шілдеден бастап бұл норма алынып тасталады.

Жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін электросамокаттармен тек:

— велосипед жолақтарымен және веложолдармен;
— жолдың оң жақ шетімен;
— жол жиегімен жүруге рұқсат беріледі.

Тек арнайы белгіленген ортақ қозғалыс аймақтарында ғана ерекшелік қарастырылады. Онда жылдамдық сағатына 6 шақырыммен шектеледі және басымдық жаяу жүргіншілерге беріледі.

Түнгі уақытта самокаттар жарық құралдарымен жабдықталуы тиіс.

Полиция өкілдері Қазақстанда электросамокаттарға толық тыйым салу мәселесі қарастырылып жатпағанын атап өтті. Заңнаманы қатаңдату жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және пайдаланушылар тарапынан жиі болатын құқық бұзушылықтарға байланысты енгізіліп отыр. Атап айтқанда, тротуарда жылдам жүру, бір самокатпен екі-үш адамның бірге жүруі, балалардың басқаруы және жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өту жағдайлары жиілеген.