Қазақстанда ақылы жолдарда жүру ақысын төлемегені үшін қандай айыппұл қарастырылған?
Қазақстанда ақылы жолдарда жүру ақысын төлемегені үшін қандай айыппұл қарастырылған? Бұл сұраққа Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді.
"Сіз білесіз: көптеген учаскелерде шлагбаум жүйесі жұмыс істемейді. Белгілі бір кезеңде жол учаскелерін пайдаланатын, бірақ төлем жасамайтын кәсіпорындар мен көліктер бар. Біз заңда не қарастырдық: екі апта уақыт береміз, және осы екі апта ішінде төлем жасалмаса, айыппұл салынады. Жүйе "Сергек" сияқты автоматтандырылған, әрі бұл талаптар отандық және шетелдік көліктерге бірдей қолданылады."
Қарабаев шетелдік көліктерге қатысты тағы екі норманың қарастырылғанын айтты. Бірінші: бұл көліктерді көлік бақылау органдары тоқтатып, айып тұрағына жіберуі мүмкін. Екінші норма: ақылы жолдар үшін төлем жасамаған шетелдік көлік иелері елден шыға алмайды.
Кейін министр айыппұл мөлшерін атады: ол 5 АЕК немесе 18 мың теңге болады. Сонымен бірге, шенеунік ақылы учаскелерде шлагбаумдар орнатылмайтынын атап өтті.