Техникалық қолдау
+7 707 384 29 57 | ДС. - ЖМ. 10:00 - 19:00 Астана уақыты

Новые штрафы, поводы для лишения прав и ареста водителей в Казахстане

28.07.2022

Әкімшілік кодекске түзету енгізілді және президент қол қойды.

Мемлекеттік нөмірсіз немесе тіркеусіз көлік басқарса — жүргізуші куәлігінен айыру ....

Әкімшілік кодекстің 590-бабына 2-1 бөлік қосылады. Ол бойынша мемлекеттік нөмірі жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiкті бір жылда қайта басқарса, 20 АЕК (2022 жылы 61 260 теңге) айыппұл салынады немесе жүргізуші бір жылға куәлігінен айырылады.

Демек шетелден көлік әкеліп, оны Қазақстанда тіркемей «басқа» немесе транзиттік нөмірмен жүрген қазақстандықтар үшін жауапкершілік артады. Бұған дейін мұндай машина ұсталса 10 АЕК айыппұл салынатын. Адамдар сол ақшасын төлеп, көлікті тіркемей-ақ жалғасты жүре беретін. Енді мемлекеттік нөмірі жоқ немесе Қазақстанда тіркелмеген машина екінші рет ұсталса, жүргізушіге екі есе айыппұл салынады, тіпті ол бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Жалған нөмірмен көлік басқарса — куәлігінен айыра отырып қамауға алу

Енді жалған нөмірмен жүрген немесе оны жасырған жүргізуші бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады және 5 тәулікке дейін қамалады. Ол үшін 590-баптың 4-тармағы түзеледі. Бұрын бұл ережені бұзғандар 20 АЕК айыппұл арқалайтын немесе бір жыл көлік жүргізе алмайтын. Енді жүргізуші куәлігінен айыру міндетті болады. 590-бапқа 4-1 тармақ қосылады, ол бойынша қамауға алынбайтын адамдар (мысалы, мүгедектер) бұл ережені бұзса 40 АЕК (2022 жылы 122 520 теңге) айыппұл төлейді және бір жылға куәлігінен қағылады.

Заңды талапқа бағынбау — бiр жылға дейiн куәлігінен айыра отырып қамауға алу

Әкімшілік кодекстің 613-бабына да өзгеріс енеді. Онда «ішкі істер органы, әскери полиция, бекеттердегі көлік бақылау органы қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамаған» жүргізушіге 30 емес, 40 АЕК (2022 жылы 122 520 теңге) айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, жүргізуші 6 ай емес, бір жылға куәлігінен айырылып, 5 тәулікке дейін қамалады. Жүргізуші куәлігінен бұған дейін айырылған азамат осы ережені бұзса 50 емес, 60 АЕК (2022 жылы 183 780) айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейінгі уақытын темір торда өткізеді.

Әкімшілік кодекстің 667-бабына да өзгеріс қосылды. Енді полиция қызметкері, сот орындаушысы және т. б. лауазым иесі қызметтік міндетін атқару барысында оның заңды талабына бағынбаған, сондай-ақ қызметіне кедергі келтірген азамат 30 АЕК (2022 жылы 91 890 теңге) айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұрын мұндай әрекет үшін ескерту жасалатын немесе азырақ айыппұл салатын, қамау мерзімі де аз еді. Бір жыл ішінде қайталанса, 15-тен 20 тәулікке дейін түрмеде отырады. Ал қамау жазасы қолданылмайтын адамдар енді 40 емес, 50 АЕК (2022 жылы 153 150 теңге) айыппұл төлейді.

Әкімшілік кодекске енген түзетулер бүгін, 12 шілдеде жарияланды, 60 күнтізбелік күннен кейін күшіне енеді.


Ақпарат көзі: https://kolesa.kz/content/kz/news-kz/zhurgizushi-qandaj-zhagdajda-kualiginen-ajyrylyp-qamalady/